KazNIC KAZAKHSTAN NETWORK INFORMATION CENTER ҚАЗАҚ ТОРАП АҚПАРАТ ОРТАЛЫҒЫ

қазақша | русский | english

Домендік аттардың әкімшісін және тіркеуішін айқындау туралы

Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы № 39/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 26 наурызда № 16642 болып тіркелді.

"Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-1-бабының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

1. Мыналар:

1) Интернеттің қазақстандық сегментiнiң кеңістігінде домендік аттардың әкімшісі болып "Қазақстандық IT-компаниялар қауымдастығы" қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігі;

2) Интернеттің қазақстандық сегментiнiң кеңістігінде домендік аттардың тіркеуіші болып "Қазақ желілік ақпарат орталығы" мекемесі айқындалсын.

2. "Домендік аттардың әкімшісін және тіркеуішін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 26 қаңтардағы № 64 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13204 болып тіркелген, 2016 жылғы 1 наурызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін баспа және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялауға жолдауды;

4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Қорғаныс және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
Б. Атамқұлов

Түпнұсқа құжат
Қазақстан Республикасы
нормативтік құқықтық актілерінің
ақпараттық-құқықтық жүйесі